четверг, 16 мая 2024 г.
icon
441.41
icon
477.78
icon
4.84
Алматы:
icon
27oC
Астана:
icon
14oC
×

Мейрамханалардағы 10 пайыз шайпұл кім үшін тиімді? Сарапшылардың пікірі

Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқын қорғау мақсатында мейрамханалар мен дәмханаларда келушілерге қызмет көрсету құнын мәзірде

Мейрамханалардағы 10 пайыз шайпұл кім үшін тиімді? Сарапшылардың пікірі

Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқын қорғау мақсатында мейрамханалар мен дәмханаларда келушілерге қызмет көрсету құнын мәзірде жазып, ескертуді міндеттейтін заңды қарастырып жатыр. Өткен аптада министрлік өкілдері тамақтану саласындағы кәсіпкерлермен жағдайды талқылады.

Massaget.kz тілшісі аталған өзгеріс мейрамхана саласындағы кәсіпкерлер үшін қалай әсер етеді, оның экономикаға ықпалы қандай деген сауалдарды сала өкілдерінен сұрап көрді. ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрағасы Вероника Нұрпейісованың айтуынша, заңдағы толықтырулар бизнес үшін тиімсіз болмақ.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

Рестораторлар үшін тиімсіз

"Бизнеске бұл төлемдерді алып тастау кері әсерін тигізбей қоймайды. Біріншіден, тамақ бағасына кері әсер етеді. Қызмет көрсету ақысының жоқтығын өтеу үшін мейрамханалар тағамдарға бағаны көтеруге мәжбүр болады. Бұл клиенттердің бағаны қабылдауына теріс әсер етіп, нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті төмендетуі мүмкін. Екіншіден, қосымша операциялық шығындарға кері әсерін тигізеді. Жоғары деңгейлі қызметкерлерді ұстап тұру, оқыту, жабдықтарды үнемі жаңарту – мұның бәрі айтарлықтай шығындарды талап етеді. Қызмет көрсету үшін 10% қосымша кіріс болмаса, бизнеске бұл шығындарды жабу және жоғары сапалы қызмет көрсету қиынға соғады. Үшіншіден, қызметкерлердің мотивациясы төмендейді. Қызмет көрсетуші персонал – мекеменің бет-бейнесі.

Егер қонақтар қызметке төлем жасамаса, білікті кадрлардың жұмысын бағалайтын басқа орындарға кету қаупі бар. Мейрамхана жоғары деңгейлі қызмет көрсеткен кезде бұл оның бәсекелік артықшылықтарының маңызды бөлігіне айналады. Қызмет ақысы – бұл тек командаға қолдау емес, сонымен қатар, әр қонаққа сапалы және мұқият қарым-қатынастың кепілі. Депозит жүйесіне келсек, ол мекемеге клиенттерден нақты сома алатынына кепілдік береді. Кепілдік сомасы клиенттің белгіленген уақытта келуіне ықпал етеді. Кәсікперлер осылайша шығынмен жұмыс істеудің алдын алады. Жоғары стандарттарды сақтау және қызметкерлерге жақсы жұмыс шарттарын қамтамасыз ету үшін 10 пайызды шотқа қосу өте маңызды", - деп пікір білдірді Нұрпейісова.

"Тамақ бағасы өседі"

Қоғамдық тамақтану саласында 13 жылдық тәжірибесі бар белгілі ресторатор Алтынбек Елікұлы өзгеріс кәсіпкерлер үшін қолайсыз дейді.

"Тамақ өнімдері қымбаттаған сайын, дәмхана, мейрамаханалардағы тамақ бағалары өсуі керек. Осыдан 5 жыл бұрын халық 1500 теңгеге түскі ас ішіп жүрсе, әлі күнге дейін сол баға сақталған. Себебі, кәсіпкерлер тұтынушыларын жоғалтып алудан қорқады. Неге қорқады десек, халықтың әлеуметтік жағдайы өзгермеген. Бәрі қымбаттаса да, айлық өзгермейді. Он пайызды тамақтың ішіне қосатын болса, кемі әр тамаққа 150-200 теңге.

Ол мәзірге қосылатын болса, халық оны көріп баға қымбаттады деп келуді сиретеді. Бұл жүз пайыздық нәтиже. Тамақтың бағасын өсірейін десе, тағы да келушілерді жоғалтады. Осы уақытқа дейін қызмет құнын мәзірде жасырып келген емеспіз. Келушілер үшін әрдайым мәзірдің аяқ жағында 10% көрсетіліп тұрады. Тек, кейбір мейрамханалар аталған заңды "бізде қызмет құны жоқ" деп маркетингтік мақсатта пайдалануы мүмкін. Бірақ бәрібір ол баға тамақ құнына кіріп кетеді", - деді Алтынбек Елікұлы.

"Ешкім де ұтылмайды"

Экономист Ержан Мырзатаев бұдан тұтынушы да, кәсіпкерде ешқандай ұтылмайды дейді. Себебі шайпұлдың 10% онсыз да мәзірде жазылып, келушілер төлем жүргізіп келген.

"Елдегі мейрамханалардың басым көпшілігі осы уақытқа дейін тұрақты түрде 10% қызметақысын алып келді. Бірі оны мәзірде көрсетсе, енді бірі тағамдардың өзіндік сату құнының үстіне 10% қосып отырды. Оның үстіне, мейрамханадағы бағалар әртүрлі. Пайызды көрсеткеннен мейрамхана иелері еш ұтылмайды. Ол қызметті тұтынушылар онсызда төлеп келдік. Тамақтану мекемелерінің әкімшілік жүйесінде ғана ішкі өзгерістер болады.

Мәселен, даяшылардың айлығын осы күнге дейін қызмет пайызынан шығарып немесе күнделікті көрсетілген қызмет санына байланысты бонус ретінде есептесе, енді тұрақты айлыққа отырғызуы мүмкін. Микроэкономика деңгейінде қарайтын болсақ, экономикаға оңтайлы әсер етеді. Мейрамхана иесі әкімшілікті, даяшыларының қызметіне қарай тұрақты түрде оқытуға, жалақысын көбейтуге, табысын ұлғайту үшін пайызға отырғызуға тырысады. Шайпұлдың 10% бекітілуі тұтынушыға сапа тұрғысынан тиімді. Себебі, тұтынушылардың экономикалық теңдігі үшін шартты баға оңтайлы. Қызмет көрсету саласындағы бәсекелестік өседі. 15% алатын мейрамханаларда сәйкесінше қызмет сапасы жоғары болса, енді бұл өзгеріс кей даяшылардың айлығының төмендеуіне әсер етуі мүмкін", - деді сарапшы.

Көш басында Алматы мен Астана

2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, елде тұрғын үй және тамақтану қызметтерін көрсететін 10,2 мың кәсіпорын тіркелген. Олардың ішінде 8,2 мың кәсіпорын жұмыс істеп тұр, бұл жыл ішінде 10,4%-ға өскенін көрсетеді. Сектордағы барлық жұмыс істеп тұрған компаниялардың үштен бірі Алматыда орналасқан: 2,7 мың кәсіпорын – бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,2%-ға көп. Тағы бір ширек кәсіпорын Астанада орналасқан: 2,2 мың кәсіпорын, жылдық өсім – 6,9%. Мегаполистерден айтарлықтай алшақта Қарағанды облысы үшінші орын алды: 342 кәсіпорын (жыл ішінде 9,3%-ға өсті). HoReCa секторындағы ең аз кәсіпорындар Ұлытау (23 кәсіпорын), Жетісу (84 кәсіпорын) және Солтүстік Қазақстан (97 кәсіпорын) облыстарында орналасқан.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.